Кәмелетке толмағандардың құқықтары мен ата-аналардың жауапкершілігі
Ж.Нұрсейітов атындағы №233 орта мектебінің тәрбие жұмыс жоспарына сәйкес, ата-аналармен өзара ынтымақтастықты нығайту, кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және заң талаптарын түсіндіру мақсатында құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен мектепішілік ата-аналар жиналысы ұйымдастырылды.
Аталған жиналысқа мектеп басшылығы, педагогикалық ұжым мүшелері, педагог-психолог, әлеуметтік педагог және құқық қорғау органдарының өкілі қатысты. Жиналыстың басты бағыты – ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, құқықтық мәдениетін қалыптастыру және отбасындағы тәрбиенің маңыздылығын түсіндіру болды.
Іс-шара барысында мектеп директоры А.Рсаева, ҚПБ ЖПҚб ЮПб УПИ инспекторы, полиция майоры Н.Алдабергенов кәмелетке толмағандардың құқықтық мәртебесі, ата-аналардың заң алдындағы міндеттері, оқушылар тарапынан жіберілетін құқық бұзушылықтар және олардың алдын алу жолдары жөнінде ақпарат берді. Сонымен қатар, буллинг пен әлімжеттіктің алдын алу, тұрмыстық жанжалдардың бала психологиясына әсері, интернет кеңістігіндегі қауіптер туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Ата-аналарға балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, мінез-құлқындағы өзгерістерге назар аудару, мектеп пен отбасының бірлескен әрекетінің маңызы жөнінде ұсыныстар айтылды. Жиналыс ашық пікір алмасу түрінде өтіп, ата-аналар өз сұрақтарын қойып, тиісті жауаптар алды.
Жиналыс нәтижесінде ата-аналардың құқықтық сауаттылығы артып, бала қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ортақ жауапкершілік туралы түсінігі нығая түсті. Алдағы уақытта осындай түсіндіру және алдын алу бағытындағы бірлескен жұмыстарды жалғастыру көзделуде.
#bilimkzo
#mektep233
#bilimqzo
KZ



